Қазақ халқына тән тәрбие құралдарының бірі –ырым-тыйымдар

Ырым – халқымыздың тәлім, тәрбиелік қызметі бар салт-дәстүрлерінің ішіндегі қызық әрі ойланарлық ғұрыптарының бірі. Ырымның ұлттық салт-дәстүрлермен, әдет-ғұрыптарды қалыптастырудағы орны зор. Жас ұрпақтың өзін-өзі ұстау, тіл әдебімен адамдар арасында қатынас түзе білуінде ерекше орынға ие.

Тыйым – халықтың тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге, ақыл-кеңес берудегі тәрбие құралдарының бірі. Бұл балаларды жаман әдет, жат пиғыл, ерсі қимыл, әдепсіз істерден сақтандыруда маңызды қызмет атқарады. «Ұлға отыз үйден тыю, қызға қырық үйден тыю» - деген мақал осыған байланысты шыққан. Тыйым – жаман істеуден жиреніп, жақсылыққа еліктеу, бейімдеу мақсатында шыққан халықтық педагогикалық ұғым. Тыйым сөздер – белгілі бір іс-әрекеттерді тыю мақсатында ырымдармен байланысты айтылатын сөздер. Тыйым үлгілері мен сөздері ел ішінде өте көп.