Ұлыстың ұлы күні -Наурыз мерекесі. Ұлттық құндылық. 14 наурыз «Көрісу (яғни қауышу) күні» . Бұл күні қазақ халқы ерте тұрып, елең-алаңнан жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Көрші-көлем бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғүмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтады. Көрісу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, көрші-көлем бір-бірін шеке асына шақырып, меймандардың отбасына, ағайын-туыстарына амандық-саулық, құт-береке тілейді. Көрісу — тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Өйткені Көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді.













