7 «Д» сыныбында «Туған жерге тағзым!» атты сынып сағаты өтті.
Мақсаты: оқушыларды елін, жерін қадірлейтін патриот азамат етіп тәрбиелеу, жас ұрпақтың патриоттық рухын дамыту. Жезқазған - Ұлытау аймағының тарихы туралы ақпарат беру, осы өңірге еңбегі сіңген ардагерлердің ұлағатты өмірінен үлгі алуға баулу.
Еліміздің болашағы - жас ұрпаққа тәлімді тәрбие беріп, ұлтын сүйер патриот азамат етіп тәрбиелеу – бүгінгі күннің көкейкесті мәселесі. Тәуелсіз елдің жас ұрпағы құзырлы тұлға болып қалыптасуымен қатар, өз Отанының патриоты болып өссе, өркениет көшіне ілескен еліміздің келешегі кемелді.
Сынып сағатында оқушылар үш топқа бөлініп, тарихи мәдениетті қалыптастыру, патриоттық дағдыларын дамыту, туған жердің тарихын таныту мақсатында біршама танымдық тапсырмалар орындады. Сондай-ақ тағлымы терең тақырыптарды қамтуда технологияның тиімді әдістері қолданылып, этномәдени тұрғысынан тәрбие берілді.
Сынып сағаты барысында патриоттық тәрбие беру қазіргі заманғы жаңаша ойлау жүйесімен сабақтастырылды. Оқушының өзін қоршаған ортада еркін ұстауы мен алған білімінен өміріне қажетті нәтижені алуына бағыт берілді.
«Кім білгір?» атты викториналық ойындар, «Автор орындығы», «РАФТ» стратегиялары арқылы білімдері сарапқа салынды. «Жезқазған-кенді аймақ», «Ұлытау- ұлт бесігі» тақырыбында топтық жобаларын қорғады.
«Тұлғаны таны» әдісін қолдана отырып, осы өңірге еңбегі сіңген еңбек ардагерлері, ғалымдар, қаламгерлердің ұлағатты өмірін танып, ғибрат алды.
Оқушылар сынып сағатына ерекше қызығушылықпен, айрықша белсенділікпен қатысты. Олар отбасына, туған жеріне деген сезімінің ертең ұлтқа, мемлекетке деген зор патриоттық құрметке ұласатынын ұғынды.
Жас ұрпақты патриоттыққа баулитын, тарихи сауаттылыққа тәрбиелейтін осындай шаралардың маңызды екендігі айқындалған сынып сағаты мақсатына жетті.












