Тарих пәнінің мұғалімі Ғайни Жолбарысқызы Рахметованың жетекшілігімен құқық қорғау органдары мен заң саласының мамандарымен кездесулер ұйымдастырылды.

Мектеп оқушылары әуелі Жезқазған қаласының прокуратурасында болып, сала мамандарының күнделікті жұмысымен танысты. Оқушылар прокурор мамандарға сұрақтарын қойып, жұмыс ерекшелігін сұрады. Құзырлы органға шағымданған азаматтардың құқығын қорғау үшін атқарылатын істердің кезеңдері туралы мәліметтер алды. Оқушыларды арнайы қабылдаған қала прокуроры Асылхан Қапиятұлы Әділханов салада атқарылып жатқан істер туралы айтып берді. Кездесу соңында прокуратура қызметкерлері мен оқушылар бір біріне алғыстарын білдіріп, естелікке суретке түсті.

Апталық аясындағы кездесу Жезқазған қаласының Полиция басқармасында жалғасты. Экскурсияға келген оқушыларды Жезқазған қаласының Полиция басқармасы кадр саясаты бөлімшесінің бастығы Мағжан Аймурзин қабылдады. Ол мектеп оқушыларына полицияға қызметке тұрудың талаптары мен ерекшеліктерін және ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түсудің тиімділігін түсіндіре отырып, Жедел басқару орталығының, Кезекші бөлімінің, Жедел-криминалистикалық бөлімшесінің және Тергеу бөлімінің қызметін таныстырды. Экскурсия соңында мектеп оқушылары полиция қызметі жайлы сұрақтарды қойып, мардымды жауаптар алды.

Оқушылардың кездесулері алматылық заңгер, «КЕШ» құқық қорғау орталығының басшысы Камшат Есмухамбетқызы Шинтековамен zoom арқылы сұхбатына жалғасты. Online кездесудегі негізгі тақырып бала құқығы жайында болды. «Заңды білу – заман талабы» деген тақырыппен өткен кездесу оқушылар үшін ғана емес, ата-аналар үшін де ерекше қызықты өтті.

Құқық апталығы аясында өткен шараларда мектеп оқушылары құқық қорғау органдары туралы біраз ақпараттармен танысты. Прокурор, полиция, заң кеңесшісі тәрізді маман иелерінің қызметтерінің ерекшелігі туралы біліп, өздерінің құқығына қатысты мол мәлімет жинады.